Жас әнші осындай үлкен жеңісімен құттықтап, қарсы алған жерлестеріне алғысын білдірді.

 -Мені осынша адам күтеді деп ойламаппын. Жақындарым, достарым, әріптестеріммен қоса келген жерлестерімді көргенде қуанып қалдым. Қуанышымды бөлісуге келген Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының директоры Амангелді Қожановқа көп рахмет. Бәрі пойыздан түсе бергенде гүл шоқтарын беріп, жеңісіммен құттықтап жатты. Бұдан соң кәдімгідей қызыл төсенішпен жүргізіп, лимузинге отырғызып алып кетті. Баршаларыңызға алғысымды білдіремін! - дейді «Жас қанат-2017» ән байқауының жеңімпазы.

Айта кетейік, әнші байқаудың бірінші кезеңінде әлемге танымал австарлиялық Guy Sebastian-ның «Tonight Again» әнін орындап, бірінші орынмен келесі кезеңге өткен болатын. Жартылай финалда Николай Носковтың «Спасибо небеса» туындысын шырқап, үздік бестікке кірген ол финалға жолдама алған еді. Ақтық сында Құрмаш Махановтың «Гүлстан, Қазақстаным» әнін айтып, жеңіске жетті. Әнші жеңіске жеткен соң ең алдымен Павлодардағы анасына хабарласып, сүйінші сұраған екен.

- Байқау тікелей эфирде болғандықтан, біреуге хабарласу мүмкіндік болмады. Сахна сыртына шыққан соң бірден анама телефон соқтым. Ол бәрін теледидардан естіп, біліп отыр екен. Дауысымды естігенде жылап жіберді. Бұл жеңісіме ата-анамның қосқан үлесі зор. Сондай-ақ, Астана қаласына арнайы келіп, маған қолдау жасаған достарыма алғысым шексіз. Ал алдағы уақытта авторлық ән жазып, елге танымал эстрада жұлдыздарымен дуэт орындау мақсатым бар, - дейді Мадияр Бақтияров.

«Жас қанат» байқауында биыл қазылар алқасында Медеу Арынбаев, Маржан Арапбаева, Нұрлан Абдуллин, Ерлан Көкеев сынды танымал эстрада жұлдыздары болды. Елордадағы Бейбітішілік және келісім сарайында өткен жарысқа еліміздің әр түкпірінен ең мықты 10 әнші бақ сынаған. «Жас қанат» ән байқауының қортындысы бойынша петропавлдық Бүркіт Жанай екінші орынды иеленсе, өскемендік «IN CORO» тобы үшінші орынды қанжығасына байлады. Ал Павлодар өңіріне әнші Жанар Дұғаловадан кейін жеңісті қайта әкелген Мадияр Бахтияров енді эстрада жұлдызының өзімен ән шырқағысы келеді. Бұған қоса, болашақта өзі сүйіп тыңдайтын Сәкен Майғазиев, Маржан Арапбаева, Айқын Төлепберген сынды әншілермен бір сахнаға өнер көрсетуді армандайды.

Еске сала кетейік, «Жас қанат» ән байқауы елімізде 1992 жылдан бері өткізіліп келеді. Аталмыш жобаның алғашқы жеңімпазы  Медеу Арынбаев болса, 2001 жылғы жеңімпазы Павлодар облысы атынан қатысқан Жанар Дұғалова болатын. Ал, 2012 жылы бұл сайыстың бас жүлдесін жуырда Қытайда өткен «I am a Singer» жобасында екінші орын алған Димаш Құдайберген жеңіп алған болатын. Биыл Павлодардың намысын қорғап, бас жүлдені жеңіп алған Мадияр Бахтияров енді солардың қатарына қосылу үшін аянбай тер төгетінін айтады.

 Айкерім Жанкашова

Суретке түсірген - автор

pavlodarnews.kz