Қалмұханбет Қасымов қылмыспен күрес, есірткі бизнесі, экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл, ұсақ құқық бұзушылықтың алдын алу сынды бірқатар мәселелерге тоқтап, атқарылған жұмыстарды саралады.

Министрдің айтуынша, елімізде осы жылдың алғашқы 5 айы ішінде 123 мыңға жуық қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,8 пайызға аз. Бұл ретте қарақшылық 28,4 пайыз, ұрлық 10 пайыз, алаяқтық 27,6 пайыз, бұзақылық 40,4 пайызға төмендеген. Тіпті, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық 3,6 пайызға, бұрын істі болған азаматтардың тарапынан жасалатын қылмыс 9,1 пайызға азайды. Бұдан бөлек, қылмысты ашу деңгейі артқан. Есептік кездесуде министр ішкі істер органдары қоғамдық тыныштықты сақтап қана қоймай, халыққа 39 мемлекеттік қызмет түрін көрсететінін атап өтті. Оған мамандар азаматтардың жеке куәліктерін рәсімдеп, тұрғылықты мекенжай бойынша анықтама беру және тіркеу сынды мәселелер кіреді. Осы орайда Қ.Қасымов жыл басында қолға алынған уақытша тіркеу шарасы арқылы бірқатар олқылықтардың орны толтырылғанын атап өтті. Мәселен, былтыр 1 млн адам тіркеуге алынса, биылғы 5 айда 1,7 млн азамат тіркеуге тұрған. Оның ішінде 800 мың адам уақытша қоныс аударғандар болса, 900 мыңы баспанасы бола тұра тіркеусіз жүрген азаматтар.

Ішкі істер министрі есірткіге қарсы күрес мәселесіне де тоқталды.

- Қазіргі уақытта заң жобасы әзірленуде. Аталмыш құжатқа сәйкес, елімізде тыйым салынған есірткі заттарының тізімі заңмен емес, Үкімет шешімімен бекітілмек. Бұл есірткінің жаңадан пайда болған түрлеріне қарсы шұғыл әрекет етуге мүмкіндік береді. Жыл сайын полицейлер осы бағытта 3 мыңнан астам қылмысты анықтайды. Былтыр 35,3 тонна есірткі және 120 келі героин заңсыз саудаланған. Есірткі бизнесімен айналысқан 11 қылмыстық топ құрықталды. Республикалық жолдарда 1,7 мыңнан астам стационарлық бақылау жүйесі орнатылған. Бұл құрылғы арқылы өткен жылы 900 мың жол қозғалысы ережесін бұзу фактілері тіркелді. Нәтижесінде былтыр жол-көлік оқиғасы 5 пайызға қысқарды, - деді Қ.Қасымов. 

Сондай-ақ, министр еліміздегі кісі өлтіру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 60 пайызы ішімдік салдарынан орын алатынын жеткізді. Елімізде алкоголизмге шалдыққандарды мәжбүрлі түрде емдеуге арналған наркологиялық ұйымдар саны аз. Жалпы саны 2470 адамға арналған 22 ұйым бар. Яғни, тағы 4 қосымша орталық қажет. Себебі, былтыр сот шешіміне сәйкес аталмыш мекемеге 5300 адам жіберілген. Алайда орын тапшылығына сәйкес 1 мыңнан астам адам мәжбүрлі емдеу орталығына бармаған.

Кездесудің соңында ҚР Ішкі істер министрі Екібастұз қаласының тұрғындарына қуанышты жаңалық жеткізді. Кеншілер қаласы жеке жедел басқару орталығы пайда болатын елді мекендердің қатарына кірген. Дегенмен құрылысқа қатысты сұрақ ІІМ-де қаражат пайда болған кезде шешімін табады.

Айдана Қуанышева

Сурет облыстық ІІД баспасөз қызметінен алынды

pavlodarnews.kz