Бұл туралы жастар бастамаларын дамыту орталығында өткен кездесуде «Қазхром» ТҰҚ АҚ Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Сергей Прокопьев айтты.

- Қазіргі таңда зауытымызда 6600-ден астам жұмысшы бар, - деді Сергей Прокопьев. – Біздің кәсіпорын әлемде ферроқорытпа саласындағы ең ірі зауыт болып табылады. Сондықтан да жоғары білімді металлургтер мен энергетиктер, бақылаушы өлшегіш құрылғыдардың инженерлері мен автоматизаторлар қажет. Сондай-ақ, адам ресрурсын басқара алатын жандар жетіспейді.

Зауыт директорының айтуынша, кәсіпорында орта білімді мамандар жеткілікті. АФЗ мен ақсулық қара металлургия колледжі арасында ұзақ уақытқа серіктестік орнатылған.

Білім ордасының оқытушыларымен бірге дайындалған арнайы бағдарлама аясында зауыттың тапсырысы бойынша жасақталған топ білім алады. Аталмыш оқу орны қазіргі таңда кәсіпорын тарапынан мамандарға деген қажеттіліктің 90 пайызын қамтамасыз етуде.

Айта кетейік, ақсулық зауыттың өнімі Жапония, Қытай, Ресей, АҚШ және басқа да дүние жүзіндегі жетекші елдердің сұранысына ие. 2017 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорында 1 млн 88 мың тонна ферроқорытпа өндірілген.

Оразбек Саяхат
Суреттер облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасынан алынды

pavlodarnews.kz

Тэги: