ИнЕУ ректоры Марат Баяндин келер жылы форумды халықаралық деңгейге көтеруді жоспарлап жатқанын айтты.

- Бұл тұрақты форум, - деді Марат Баяндин. – Еліміздің әр өңірінен және Ресейден қатысушылар бар. Өткен жылы форумда ІТ технологияларды енгізу үшін кадр жетіспейтіндігін анықтаған едік. Сондықтан білім ордалары мамандарды қалай дайындау керектігін, ол маман қандай болу керек екенін талқылаймыз. Бұған қоса, халық үшін маңызды ІТ технология саласындағы ең маңызды «Smart city» (ақылды қала) жобасы туралы сөз болады.

Университет басшысының айтуынша, шара барысында бірқатар дайын жобалар таныстырылмақ.

- Былтырғы форум аясында өткен олимпиаданың жеңімпаздары өз жобаларын көрсетеді, - дейді ректор. - Олар адамдар үшін жақын жердегі валюта айырбастау пунктін көрсететін мобильді бағдарлама жасады. Ең қысқа қашықтықтағы тиімді бағамен валютаны ауыстырып беретін орынды анықтайды. Одан бөлек, университетіміздің тапсырысымен жасалған «грант калькуляторы» жобасы ұсынылады. Сайтымызда орналасқан бағдарламаға талапкер қандай мамандық таңдағысы келетінін енгізсе, ол үшін таңдау керек пәндерді тізіп береді. Оқуға түсу үшін қажетті ұпайларды да анықтап береді. Осылар сынды бірқатар жобалар форум барысында көрермен назарына ұсынылады.

Сонымен қатар, ИнЕУ-дегі өңірлік ғылыми-технологиялық орталығы «ақылды мектеп» жобасын таныстырады.

Жоба оқушының мектепке кіргенін, автобусқа отырғанын, жол ақысын төлегенін және асханадан не алғанын көрсетіп отырады. Ата-аналардың өз баласын бақылауға мүмкіндік береді.

Форумда биылғы жылдан бастап ИнЕУ негізін қалаушылардың бірі, физик-математик Қажыкен Қайдаровтың атына берілген робот техникасы олимпиадасының жеңімпаздары марапатталды.

Айта кетелік, шараға омбылық «ИТ-кластер Сибири» компаниясы және отандық «КазРоботикс» спорттық және білім беру робот техникасының Қазақстандық Федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі, сонымен қатар компьютерлік техника шығару бойынша әлемдік көшбасшылар: «Huawei Technologies Kazakhstan», «Siemens», «Xiaomi», «Hewlett Packard» өкілдері қатысуда.

Оразбек Саяхат
Суреттерді түсірген автор

pavlodarnews.kz

Тэги: