М.Катаев атындағы оқушылар сарайындағы «Рухани жаңғыру» кабинетінде өткен кездесуге шығармашыл жас таланттар қатысты.

Танымал ақын қазір талапты жастардың өсіп келе жатқанын көріп, қуанатынын жеткізді.

- Кешегі Мағжан сенген жастар - сендерсіңдер, - деді Аманжол Әлтаев. – Қазіргі Ертіс өңірінің төрінде өтіп жатқан «Ақберен» байқауына келген өрелі өрендерді көріп көңіліміз толып отыр. Қазақта «балапанның қанаты ұша жетіледі» деген сөз бар. Сондықтан біздің мақсат – олардың жүрек түбінде жатқан бұлақ көзін байқау және оны ашу. Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық генофондымыздағы ұлық қасиеттерімізді ашу туралы айтылған. Ал, тегіміздегі құнарлы қасиетімізді ашудың жолы -балаларымызды ұлттық өнерге тәрбиелеу.

Кездесуде Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия интернатының жас ақындары өз арнаулары мен өлеңдерін оқыды.

Еңбек сіңірген қайраткер балаларға білімді жанның ғана биікке шыға алатынын айтты.

- Ұлт көсемі болған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы сынды тұлғаларымыз сол заманның өзінде ел көшін сүйреу үшін білім керек екенін білді, - деді Аманжол Әлтаев. – Әлемдік арналарды бағындыру үшін біз білімді болуымыз керек. Білімсіз адам – қанатсыз құс сияқты. Адам ата-ананың мәпелеуімен өседі. Сондықтан бір қанаты – ата-анасы болса, екінші қанаты – білім. Білікті жастар аз емес. Елімізде дарындылар көп. Әлі де көбейгені сіздер мен біздер үшін маңызды.

Жас дарындармен кездесуінде ақын өзінің ең алғашқы «Жүйріктерге ғашықпын» өлеңін оқып берді. Сонымен қатар, балаларға тәрбиелік мән беретін өлеңдерін ұсынып, терме орындады.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам