Қала тұрғындары мен қонақтарына корей халқының ұлттық тағамдарынан дәм тату мүмкіндігі ұсынылды.

Мерекеге корей облыстық этномәдени бірлестігінің мүшелері, Успен, Павлодар аудандарында ашылған орталық бөлімшелерінің белсенді қатысушылары  мен Алматы қаласының корей орталығынан келген құрметті қонақтар атсалысты.

-  Жаз мезгілі «Бір отбасында тұрамыз» атты өңір жұртшылығын 20 жылдан бері қуантып келе жатқан фестивальдің кезеңі болып табылады, - деді облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, фин-угор облыстық этномәдени бірлестігінің төрайымы Ольга Николашина. -  Бүгінгі мерекеге Успен, Павлодар аудандарынан және Ефремовка ауылынан шығармашылық ұжымдардың қатысып отырғаны қуантады. Барлық  қатысушыларға шығармашылық табыс, денсаулық, бейбітшілік және сәттілік тілеймін.

Бағдарлама барысында «Анён» шығармашылық ұжымы жиналған қауымды өздерінің жарқын билерімен және әндерімен тамсандырды.  Бірлестіктің вокалды кавер топтары мен заманауи би ұжымдары, Алматы қаласы мен  Павлодар ауданынан арнайы келген «Ариран» және «Движение» ансамбльдері  көрермен көзайымына айналды.

Мерекеге қатысқан барлық әншілер мен бишілер алғыс хаттармен марапатталды.

Айта кетейік, жаздың алғашқы күндерінен қаланың орталық саябағында облысымызда өмір сүретін этностардың мәдениеті күндерін өткізу игі дәстүрге айналған. Биылғы жылы фестивальді болгар этномәдени бірлестігі ашқан болатын. Кейін бұл эстафетаны «Эльбрус» қарашай-черкес және қабардин-балқар этномәдени бірлестіктері жалғастырды.


pavlodarnews.kz

Тэги: мәдениет