- Аптап ыстық тұрған жаз маусымында  көпшіліктің суға түскісі келетіндері белгілі, - деді Ораз Мұқашев.  – Өкінішке орай,  ересектердің бақылауынсыз қалған балалар шомылуға арнайы жабдықталмаған  тыйым салынған жерлерге барады. 2018 жылдың алты айы ішінде жас ерекшелігі әртүрлі жеті бала суға кеткен. Кенжекөл ауылдық аймағына қарасты   Байдалы  ауылында, Майқайың кентінде, Екібастұз және Павлодар қалаларында қайғылы жағдайлар орын алған. Сондықтан ересектер балаларды  назардан тыс қалдырмағандары жөн.

Сонымен қатар өңірдің бас дәрігері  көп қабатты биік үйлердің терезесінен құлау фактілері бойынша  деректерге  тоқталды.

- Балалардың барлығы жазғы лагерьлермен қамтылмайтыны белгілі, - деді Ораз Мұқашев.  –  Терезенің  москит торына сүйеніп тұрып, төмен құлау салдарынан  2-6 жас аралығындағы  бес бала биіктіктен құлаған.  Осы бес жағдайдың біреуінің соңы өліммен аяқталған. Қалған төрт бала ауыр халде облыстық балалар ауруханасында жатыр.  Оларға тиісті ем-дом көрсетілуде.

Басқарма басшысы  өткен аптада Баянауылда  таудың үстіне шығып бар жатқан сәтте үш метр биіктіктен құлаған тоғыз жасар баланы  құтқару операциясына қатысып, дер кезінде көмек көрсеткен  адамдарға алғыс білдірді.  

Еске сала кетейік, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінен бір шақырым жерде  құлап жарақат алған жеткіншек омыртқасын зақымдаған және бас ми жарақатын алған. Бірнеше күн комада жатқан ол  бүгінгі күні есін жиған, дәрігерлердің сұрақтарына ыммен жауап бере алады.

Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам