Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі.

Жиын бір минут үнсіздікпен басталды және онда қаламгердің өмірі мен шығармашылығы, қоғамдағы рөлі әңгімеленді.

«Қазақ журналистикасының қабырғасы күйреп түсті деуге болады. Өйткені, қазақ журналистикасында Шерхандай көп жүк көтерген, көп шәкірт тәрбиелеген, журналистикаға шығармашылық үлес қосып, беделін аспанға көтерген адам аз. Бұл кісі жазса да, сөйлесе де үлгі еді. Ісі мен сөзі бірдей, мінезі мен жазуы қабысқан адам. Біреулер жазуға шебер болса да, ісі орайласпай жатады. Біреулер іскер болса да, жазуы келіспей жатады. Шерхан шығармашылығы мен адами қасиеті бірдей адам болды, сонысымен өзгелерге үлгі еді. Мұндай тұлғаны жоғалту - ұлт үшін орны толмайтын үлкен қайғы», - деді белгілі журналист, академик Намазалы Омашев.

Оның айтуынша, Шерханның өмірден озуы қазақ журналистикасына ғана емес, тұтас халыққа ауыр тиіп отыр.

«Қазақ халқы өзінің асыл ұлынан айырылды. Шерағаңды білмейтін қазақ кемде-кем. Шығармашылықта ғана емес, өзінің адал мінезімен, қайсарлығымен, табандылығымен елдің рухын көтерген, ұлтын биікке сүйреген, Алаш арыстарының мінез-құлқын бойына сіңіріп, басын бәйгеге тіккен қазақ өмірден өтті», - деді академик.

Сонымен бірге, журналист келешекте Шерхан шығармашылығының кемелдене түсетінін жеткізді.

«Шерханның мәңгілік ғұмыры басталды. Тау сияқты алыстаған сайын жазған дүниелері бұрынғыдан да кемелденіп, биіктей түсетіні анық. Қазақ халқы, қазақ журналистикасы, қазақ әдебиеті тұрғанда, Шерхандар биіктей береді. Қабылан мінез қайсар ағамыздың топырағы торқа, жатқан жері жайлы жәннат болсын», - деді Н. Омашев.

pavlodarnews.kz

Тэги: