Аталмыш шараға 2018-2019 оқу жылында беделді халықаралық, республикалық олимпиадаларының 61 жеңімпазы мен жүлдегері және оларды дайындаған 13 мұғалім қатысты.

Биылғы жылы өңір оқушылары халықаралық және республикалық олимпиадаларда 191 медальге ие болды. Оның ішінде Ресей, Оңтүстік Африка, Австралияда өткен халықаралық олимпиадаларда 29 медальге және республикалық деңгейдегі түрлі зияткерлік шараларда 162 медальге қол жеткізді.

- Сіздер бүгін бұл жерде өздеріңіздің ақыл, ерік-жігерлеріңіздің арқасында отырсыздар, - деді Болат Бақауов. – Сіздердің білім саласындағы жетістіктеріңіз – болашақтың кепілі. Сіздердің қабілеттеріңіз бен дарындарыңыз біздің қоғамға қажет болады.

Өңір басшысы оқушыларға алғыс хат пен 100 мың теңгелік ақшалай сертификат табыс етті.

Қоғамдық-гуманитарлық бағытында республикалық пән олимпиадасының «Қазақстан тарихы» пәнінен алтын медаль иегері Гүлмәркен Наурызбай болашақта педагогикалық салада қызмет атқаруды мақсат тұтқан.

- Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназиясының 11-сынып оқушысымын, - деді Гүлмәркен Наурызбай. –Яғни, биылғы түлекпін. Бізге осындай жетістікке жетуге жағдай жасап беріп отырған ұстаздарыма, мектеп ұжымына, өңіріміздің білім басшылығына алғыс білдіремін. Өткен жылы облыстық олимпиаданың күміс жүлдегері атансам, 2019 жылы республикалық деңгейге алғаш рет шығып, алтын алуға мүмкіндік туды. Болашақта педагогикалық бағытта жұмыс жасап, балалардың тарих пәнін терең меңгеруіне, еліміздің тарихын білуіне үлес қосқым келеді.

Республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша облыс құрамасы жалпы командалық 1-ші және 3-ші орынға ие болып, «Ең үздік олимпиадалық команда-2019» сертификатымен марапатталды. Команда қоржынында 48 медаль бар. Оның ішінде 14-і – алтын (рекордтық көрсеткіш), 9-ы – күміс, 25-і – қола.

Сонымен қатар, жүлдегер атанған дарынды балаларды дайындаған 13 мұғалім алғыс хат пен 200 мың теңгелік сертификатқа ие болды.

Шара соңында информатикадан республикалық және халықаралық олимпиаданың жүлдегері Ғаллам Ислам облыс әкіміне өңірдегі дарынды оқушылар туралы «Дарын 2019» кітабын тарту етті.

Оразбек Саяхат
Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, білім