FlyArystan баспасөз қызметінің мәліметінше, Шымкент пен Тараз қалаларынан сапар ұзақтығы бір жарым сағаттай болса, билет құны 6999 теңгеден басталады.

Бірінші отандық лоукостер FlyArystan өзінің үшінші әуелайнерін Airbus A320-мен оңтүстік өңірдің шаһарлары Шымкент пен Тараздан және де солтүстіктегі Павлодар қаласынан Нұр-Сұлтанға алғаш рет ұшырды. Бұдан былай күнделікті рейстер ірі қалалардан бас қалаға 180 орынды ұшақта орындалады.

- Жақында реконфигурациядан өткен біздің үшінші әуекемеміз флотқа қосылып, енді өз жұмысын бастағаны туралы мәлім ету біз үшін үлкен ғанибет, - деді FlyArystan-ның сату және маркетинг бөлімінің директоры Жанар Жайлауова. - Өздеріңіз білесіздер, биылғы жылдың мамырынан бастап аталған үш қалаға да біз Алматыдан сапарлар орындаған едік. Оның нәтижесі айтуға тұрарлық, себебі осы бірнеше айдың ішінде борттар 92 пайыз нық толып ұшып жүрді. Нұр-Сұлтанға да орындалатын сапарлар жоғары сұранысқа ие болады деген үміттеміз.

ҚР ИИРМ ААК мәлімдеуінше, FlyArystan нарықта пайда болғаннан кейін, яғни әуекомпанияның 5 айлық операциялық жұмысының нәтижесінде 2019 жылдың мамыр мен қыркүйек айларының аралығында былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда Халықаралық Шымкент әуежайында жолаушылар саны 25 пайыз, Әулие ата халықаралық әуежайында 158 пайыз, Павлодарлық әуеайлақта 37 пайыз өскен.

Айта кетейік, 2020 жылдың соңына дейін әуепарк 10 әуекемеге дейін көбейіп, рейстер мен бағыттар саны 5 есеге көбейеді деп жоспарлануда.

pavlodarnews.kz

Тэги: FlyArystan, Павлодар, елорда