Павлодар облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Тереңкөл ауылында жұмыссыз әйел өзінің құрбысымен ішімдік ішкен.

- Үй иесі осы уақытта ұйықтап қалған. Оянған соң 28 жастағы ер адам құрбысының отырғанына наразылық білдірген. Оның үстіне, әйелі жүкті болған. Ерлі-зайыптылар арасында жанжал шығып, әйел үстелден ас пышағын алып, ер адамның кеудесіне сұғып алған. Кейін өз іс-әрекетінен қорқып, үйден қашып кеткен. Құрбысы жедел жәрдем шақырған. Бірақ ер адам көмек келгенше көз жұмды, - деді ПД баспасөз қызметінде.

Оқиға орнына шыққан арнайы топтың құрамында қызметтік ит болған. Төрт аяқты полиция көмекшісі Альдо қылмыс орнынан күдіктінің иісін сезіп, ізімен шығады.

- Альдо полицейлерді әйел жасырынып жатқан жерге қатесіз әкелді, - деді департаментте. - Ауыр қылмыс жасаған күдікті төрт аяқты полисменнің өткір иіс сезуінің арқасында ізін суытпай ұсталды.

Айта кетейік, аталған фактіге қатысты ҚР ҚК 99-бабы (кісі өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

pavlodarnews.kz

Тэги: Полиция иті, Тереңкөл, Павлодар облысы, полиция