Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС еңбекті және қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры Сергей Петрук мәлім етті.

- Павлодар мұнай-химия зауытының қоршаған ортаны қорғау бағытындағы саясатының негізгі қағидаты – экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоршаған ортаға кері әсер етуді азайту, - дейді Сергей Петрук. – Осыған орай, 2015 жылдан бері шығындар өсімі 27 пайызды, яғни 129,8 миллион теңгені құрады. 2019 жылы қоршаған ортаны қорғауға арналған негізгі шараларға, атап айтқанда, ауа бассейнін қорғау жұмыстарына 27,3 миллион теңге, су бассейндерін қорғауға 114,1 миллион теңге және жер ресурстарын қорғауға 21,6 миллион теңге қаражат жұмсалды. Сондай-ақ, қалдықтармен жұмыс бойынша 224,6 миллион теңге, ғылыми-зерттеу жұмыстары мен экологиялық ағартуға 217,9 миллион теңгеге жұмыстар атқарылды.

Спикердің айтуынша, 9 ай ішінде ластаушы заттардың шығарындылары 17 377 тоннаны құрады, бұл өткен соңғы екі жылмен салыстырғанда 477 тоннаға, яғни 2,5 пайызға кеміді. Сондай-ақ, 9 ай ішіндегі «Сарымсақ» жинағышына ластаушы заттардың төгінділері 471 тоннаны құрады, бұл 123 тоннаға, яғни 21 пайызға азайды.

Сонымен қатар мұнай қалдықтарының 14 201 тоннасы Flottweg құрылғысында қайта өңделген. Құрылғы кәсіпорынның негізгі өнеркәсіптік қалдықтарының 100 пайызын қайта өңдеуге мүмкіндік береді.

- Құрамында мұнай қалдықтары бар қатты қалдықтардың 2828 тоннасы залалсыздандырылды және қайта өңделді, - дейді департамент директоры. – қайта өңдеуге берілген көлем 41 пайызға, 825 тоннаға артты. Бұдан басқа, цифрландыру бойынша жұмыстар басталды. 2019-2022 жылдар аралығында автоматты мониторинг жүйелерін енгізу қолға алынды.

Баяндаушы 2019-2021 жылдар бойынша көгалдандыру бағдарламасы басталғанын атап өтті. Нәтижесінде 1525 ағаш отырғызылып, шығындар 31 264 817 теңгені құрады. Осы жылы кәсіпорынның өз аумағында 95 ағаш егілген. Келесі жылы тағы 1100 отырғызу жоспарлануда. Оның 100-і зауыт аумағында және 1000-ы облыс орталығынан Павлодар және Омбы тас жолына баратын жол арасындағы санитарлық-қорғау аймағында.

Сондай-ақ, дезинсекциялық және дератизациялық шаралар кешеніне 1 557 000 теңге қаражат бөлінген.

Айта кетерлігі, Павлодар мұнай-химия зауыты тұрғындарды ақпараттандыруды қамтамасыз ету мақсатында LED экран орнату жоспарлап отыр.

Айгүл Жүсіпова
Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, «Павлодар мұнай-химия зауыты», табиғат, климат