Олимпиаданы қалалық білім беру бөлімі «Павлодар дарыны» бос уақытты қамту және балалардың дарындылығын дамыту орталығы ұйымдастырды.

8-11 сынып оқушыларына арналған білім додасы екі бағыт бойынша екі кезеңнен тұрады. Бұл - жаратылыстану-математикалық, яғни, математика, информатика, физика, химия, биология және география пәндері. Ал жалпы-гуманитарлық қазақ тілі және әдебиеті, қазақ тілі, орыс тілі және әдебиеті, орыс тілі, Қазақстан тарихы, құқық негіздері, ағылшын тілі, неміс тілі және француз тілі пәндерін қамтиды.

Аталмыш олимпиаданың әділқазылар мүшесі, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Виктор Жамулдинов осындай білім додалары бойынша облысымызда белгілі бір тәжірибе жинақталғанын атап өтті.

- Балалар жақсы дайындалған, қазылар алқасы тәжірибелі деп ойлаймын, - дейді Виктор Жамулдинов. - Оқушылардың осындай олимпиадаларға үлкен қызығушылық танытып отырғанына қарап, жақсы нәтиже көрсетеді деп сенемін. Менің ойымша, олардың арасынан әр пән, әр сала бойынша жақсы білімпаздарды айқындауға болады.

 Шараның мақсаты - балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, оқушылардың практикалық және теориялық білімдерін тереңдету. Сондай-ақ, дарынды балаларды айқындау үшін жағдай туғызу, халықаралық олимпиадаға қатысуға окушыларды дайындау және іріктеу.

 Пән олимпиадасына қатысушылардың бірі - № 38 жалпы орта білім беру мектебінің 8-сынып оқушысы Шон Абдуллин.

 - Ғылым мен білім менің ең басты қазынам, - дейді Шон Абдуллин. - Бүгінгі пән олимпиадасы - оқушылар үшін өте үлкен мүмкіндік. Биік шыңдарға шығатын ең алғашқы қадам болып табылады. Мен бірінші рет қатысып, бағымды сынап отырмын. Елбасымыз айтқандай, «Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса, ол елдің еңсесі де биік болады» деген қағиданы ұстанып, химия пәні бойынша қатысудамын. Барлық оқушыларға сәттілік тілеймін және өзім де жақсы көрсеткіш көрсетуге тырысатын боламын.

Айта кетейік, ең көп ұпай жинаған қатысушылар, олимпиадның облыстық кезеңіне өтеді.

Айгүл Жүсіпова

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, олимпиада, оқушылыр, білім