Бұл туралы облыстық ТЖД-нің баспасөз қызметі мәлім етті.

- Кеше сағат 14.01-де кезекшілік бөліміне Мәншүк Мәметова және Беркімбаев көшелерінің қиылысында орналасқан оқу орталығының төңірегінде бір қабатты ғимараттан өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. 60 шаршы метр аумақта ағаш құрылымдар, шатыры мен жылытқыш жанған, - дейді департаментте.

Тілсіз жау электр сымдарының тұйықталуы салдарынан орын алған. Қазіргі таңда келтірілген шығын көлемі анықталуда.

Оқиға орынында жеке құрамнан жұмыс істеген 14 адам мен  төрт техника өртті толығымен сағат 15.04-те сөндірген.

Еске сала кетейік, 700 орындық орталық 15 корпустан тұрады. Оған екі жатақхана, оқытушыларға арналған қонақ үй, оқу корпустары, кітапхана, спортзал, ас үй және басқа да ғимараттар кіреді. Орталықтың жалпы аумағы 40 мың шаршы метр.

Бүгінгі таңда өңіраралық кәсіби орталықтың құрылысы 50 пайызға аяқталған, келесі жылы нысанды қолданысқа енгізу көзделіп отыр. Биыл нысанның құрылысына бір миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Құрылысты аяқтауға тағы 1,8 миллиард теңге қажет.

Орталықта техникалық ағылшын тілін оқытуға ерекше мән беріліп, Маңғыстау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары үшін отын және энергетика бағытындағы мамандар дайындалады.

Ақбота Сейсенбаева
Фото: ТЖД

pavlodarnews.kz

Тэги: өрт, Павлодар, оқиға