Форумға облыс әкімі Болат Бақауов пен ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев қатысты.

- Павлодар облысының цинфландыру бойынша көшбасшыға айналуына барлық мүмкіндігі бар, - деді облыс әкімі. – Өңірімізде өндірістік алпауыттар орналасқан. Жоғарғы оқу орындарымыздың ғылыми қабілеттілігі жоғары. Барлық жобалар халықтың өмір сүру деңгейін көтеру мақсатында жасалады.

Өңір басшысының айтуынша, облыстағы кәсіпорындар белсенді түрде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына қосылған. Инновациялық технологиялар бойынша өңірде 40-қа жуық жоба жүзеге асырылуда. 2018 жылы 1,1 млрд теңгеден астам қаржыға 10 жоба енгізілді.

ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев өңірдегі ақпараттық технологиялардың даму үрдісіне жоғары баға берді.

- «Цифрлы Қазақстанның» нәтижесін қазіргі кезде әрқайсымыз көріп жүрміз, - деді Асқар Жұмағалиев. – Бірақ әлі де дамудың алғашқы кезеңіндеміз. Павлодар облысы да бұл бағытта ауқымды жұмыс жасап келеді. Жобалардың жүзеге асуы үшін интернеттің қолжетімділігі маңызды екені анық. Қалаларымызда сапалы интернет бар болғанымен, ауылдық жерлерде бұл мәселеге айналып тұр. Сондықтан «Цифрлы Қазақстан» аясында елді мекендерде сапалы интернет енгізілу басталған. Бүгін Павлодардағы Шақат ауылында бұл бағыттағы жобаның қалай іске асырылып жатқанын көретін боламыз.

Сонымен қатар, павлодарлықтар министрге заманауи технологияларды таныстырды. Солардың бірі TKR компаниясы – жаттығу құрылғыларын, интерактивті модульдер мен оқытуға арналған жүйелер құрастыру, заманауи 3D технологиялар арқылы түрлі құрылғыларды көрсетумен айналысады.

- Біздің бағдарламалар арқылы түрлі бағыттағы мамандықтарды көрсетіп, деректерді интерактивті беру арқылы кез келген деңгейдегі іске үйретуге болады, - деді компанияның бас директоры Макар Арляпов. – Жүйе арқылы өмірде болатын әртүрлі жағдайларды виртуалды түрде енгізуге болады. Мысалы, бір оқу орыны John Deere техникасымен жұмыс жасауды оқытуы мүмкін. Келесі бір білім ордасы басқа техникамен үйретеді. Біз виртуалды әлемде сол техниканы құрастырамыз. Кейін студенттер жасалған техникамен тәжірибеден өтеді. Оқу бітірген соң сол шаруашылыққа барып, емін-еркін жұмыс жасай алады. Біз әр тапсырыс берушіге жеке бағдарлама құрастырамыз. Жобамыз 300 мың теңгеден жоғары бірнеше миллонға жетуі мүмкін. Көбінесе білім беру ұйымдары мен ірі кәсіпорындардан сұраныс түседі.

Қазіргі уақытта TKR компаниясының жобасын павлодарлық алюминий зауыты пайдалануда. Олар бағдарлама арқылы қызметкерлерін оқудан өткізеді. Сонымен қатар, компания ТМД бойынша бірнеше елмен жұмыс жасауда.

Оразбек Саяхат
Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, ІТ форум, ақпараттық технологиялар