Бұл туралы «Қазақтелеком» АҚ Шығыс өңірлік телекоммуникация дирекциясының директоры Ермек Қуанышбеков мәлім етті.

- «Ақпаратты Қазақстан-2020» бағдарламасына сәйкес «Қазақтелеком» елді мекендерде талшықтық-оптикалық байланыс желісін тартуға кірісті, - дейді Ермек Қуанышбеков. - Бұл жоба «Қазақтелеком» мен Ақпарат және коммуникация министрлігі арасындағы мемлекеттік-жеке меншік серіктестік келісімшарт аясында жүзеге асырылады. Жоба 14 жылға есептелген. 2018-2020 жылдары құрылыс және қосылу, 2032 жылға дейін қызмет көрсету жоспарланған.

Павлодар облысында барлығы 364 елді мекен бар. Бүгінгі таңда 87-сіне талшықтық-оптикалық байланыс желісі  тартылған. 

ӨТД  директорының айтуынша, былтыр жүзеге асырыла бастаған жоба аясында барлығы 9 елді мекен немесе 36 мемлекеттік мекеме интернетке қосылған. Биыл үш ауданда құрылыс басталған. 2020 жылдың 1 наурызынан бастап қосымша 20 елді мекен мен 74 мемлекеттік мекеме қамтылады.

- Бұрын интернеттің жылдамдығы ең көп дегенде секундына 4 мегабит, кейде 8 мегабит болатын, - дейді Ермек Қуанышбеков. - Қазіргі таңда секундына 100 мегабитке дейін жетеді. Шақат жалпы орта білім беру мектебінде жылдамдық 10 мегабитті құрайды. Сондай-ақ, жергілікті әкімдік, полиция және фельдершік-акушерлік пукнтінде тартылды. Қазіргі таңда жеке адамдар да қосылуда. Жылдамдық жоғары болса, төлемақы да жоғары болмақ. Дегенмен, мектеп үшін 10 мегабит жеткілікті.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам