Естеріңізге сала кетейік, Ленин кенті – Ертіс – Русская поляна тас жолында Kia Rio және ВАЗ 2109 автокөліктері соқтығысқан болатын. Қатты соққыдан ВАЗ 2109 жүргізушісі оқиға орнында бірден қайтыс болды. Алдыңғы орында отырған жолдасы ауруханаға барар жолда көз жұмды.

Апат орнынан Ақтоғай аудандық ауруханасына жол-көлік оқиғасында жарақат алған жеті адам жеткізілді. Олардың бесеуі – балалар.

- Ең кішісі бір жаста, үлкенінің жасы 17-де, - дейді аудандық емхана бас дәрігерінің орынбасары Мадина Сабырова. – Екі ересек пен төрт баланы облыстық аурухананың жарақат бөлімшелеріне санавиация алып кетті. Олар түрлі сүйек сынықтары мен басқа да жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.

Мадина Сабырова хабарлағандай, аудандық ауруханада апатта зардап шеккен ең кіші науқас жатыр. Бір жастағы қыз балада бас сүйегінің сынығы мен бас сүйек миының ауыр жарақаты анықталды.

- Ол комада жатыр, - деді Мадина Сабырова. – Баланың өте ауыр халін ескере, оның жағдайының тұрақталуына дейін науқасты басқа ауруханаға жөнелтуден бас тарттық. Санавиацияны қайтадан шақырдық. Мамандар баланың жағдайын бағамдағанынан кейін оны транспорттау жөнінде шешім шығарады.

Облыстық балалар ауруханасында хабарлағандай, аталған медициналық мекемеге апатта жарақаттанған үш бала жеткізілді. Жарақат бөліміне жатқызылған 2002 жылы туған баланың халінің ауырлығы орташа деп бағаланса, 2011 және 2016 жылдары туған балалар аурухананың жан сақтау бөлімінде ем алуда.

Арслан Ғалымбек

Фото: ашық дереккөздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: медицина, денсаулық сақтау, жол-көлік оқиғасы, апат, бала, сәби