«Ертіс мәдениеті» медиа орталығының жетекшісі Данияр Жұмаділ агенттікке хабарлағандай, Ел Тәуелсіздігінің 28 жылдығына және Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған айтулы ән-жыр мерекесіне облыстың дәстүрлі ән өнерінің майталмандарынан бөлек, Алматы, Қызылорда, Маңғыстау, Көкшетау өңірінен халықаралық деңгейдегі жыршы-термешілер байқауының жеңімпаздары қатысқан.

 - Кешті шараның ұйымдастырушысы, Успен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, сүбелі сөздің иесі Медет Тауасқан тізгіндеді, - дейді Данияр Жұмаділ. - Қазақтың әні мен күйі – халқымыздың көне заманнан бері қалыптасқан асыл қазынасы, ұлттың бекзат болмысы, жүрек сыздатқан сағынышы, көңілдің нәзік қылын шертер сезімі, мұң-шері, қызық қуанышы. Сондықтан ауданның мәдениет үйіне жиналған тұрғындардың қарасы қалың болды. Жергілікті жұртшылық қазақы әуенге сусындап қалғаны байқалды.

Шара басында Успен ауданының әкімі Николай Дычко сөз алып, қонақтарға ықыласын білдірді. Ал Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов аймағымызда дәстүрлі ән өнерін дамыту бағытында атқарылып жатқан игі бастамаларға тоқталды.

 - Киелі қара домбыра мен қарт қобыздың сүйемелдеуімен айтылатын дәстүрлі ән өнері кемел құрылымымен, кең диапазон, күрделі ырғақ-иірімдерімен ерекшеленеді, - деді Ернұр Дәуенов. - Мұндай құндылығымызды бағалай, дәріптей білу маңызды. Сондықтан облысымызда дәстүрлі ән өнеріне деген қолдауды мейлінше күшейтпекпіз. Бүгінгі республикалық фестиваль - соның бастамасы. Келесі жылдан бастап облысымызда мұндай фестиваль, дәстүрлі әншілердің байқауы тұрақты түрде ұйымдастырылатын болады.

Фестиваль шымылдығын ҚР Мәдениет қайраткері, аймағымыздың мақтанышы Ербол Айтбаев Естайдың «Құсни-қорлан» әнімен ашты. Одан әрі талантты жерлесіміз Салтанат Қисатова Майраның әнін әуелетті.

 Шараға арнайы ат арытып келген көкшетаулық Назира Бейсенова, қыл қобызбен жыр айту дәстүрін жалғастырып келе жатқан қызылордалық Марат Сүгірбай мен Күнсұлу Түрікпен, маңғыстаулық Оспан Құлсымақ, алматылық Сәбит Дабыл, Жетісудың жас термешісі Шаттық Уатқан ерекше өнерлерімен көрермен жүрегін жаулады.

 Сондай-ақ, фестиваль аясында Успен ауданының Жалын Құнанбай, Бөкен Жігер, Құрметжан Ербақ сияқты бірнеше жас әншілерінің томағасы сыпырылып, сахна төріне шықты.

Айта кетерлігі, Успен ауданында өткен республикалық дәстүрлі ән фестивалінің өтуіне Шарбақты, Аққулы, Тереңкөл аудандары да атсалысқан.

Фестиваль қатысушылары облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқарасының, сондай-ақ, аталған өңірлердің атынан алғыс хаттармен, арнайы жүлделермен марапаталды.

Ақбота Сейсенбаева

Фото:  Успен ауданы

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, мәдениет