10-шы рет қатарынан өткізілетін жарыс биыл 16-19 қараша күндері Шахмат үйінде өткізіледі.

- Басқа да аймақтық газеттер арасында қатысушылар санының көптігі бойынша мұндай турнирдің өткізілмейтінін білдік, - дейді «Сарыарқа самалының» бас редакторы Нұрбол Жайықбаев. - Жамбыл облыстық газеті ұйымдастыратын рейтингілік турнирінде тек кәсіби спортшылар бақ сынайды, ал Павлодарда төрттен бастап 70 жасқа дейінгі әуесқойлардың барлығы қатыса алады. Бұл жағынан алғанда біздің шарамыз Елбасының азаматтарды бұқаралық спортқа көптеп тарту туралы тапсырмасына сәйкес екеніне назар аударған жөн. Облыстық деңгейде өтіп келген жарыста қатысушылар саны жыл сайын 230-дан төмендеген емес. Бұл жағынан газет жүлдесі үшін ұйымдастырылатын турнир кейбір республикалық сайыстардың жанында биік өтіп келе жатқанын аңғардық. Осындай табысты турнирді бұған дейін облыстық деңгейде өткізіп келген болсақ, ендігі жерде жанашырлардың көмегімен республикалық мәртебеге көтеріп отырмыз. Бұл да мерейлі белес боларына сенімдіміз. Қазірде жүлде қорын арттыру үшін демеушілер іздестірудеміз. Тілегіміз – қатысушылары ең көп төменгі жас топтары бойынша берілетін марапаттар санын жеті орынға дейін жеткізу.

Айта кетейік, биылғы жарысқа ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру Комитеті, Республикалық тоғызқұмалақ федерациясы, облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасы, Павлодар қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімі қолдау білдіріп отыр. Сондай-ақ турнирдің жүлде қорына демеуші болуға талпынып отырған мекемелер мен атқарушы билік органдары, қоғамдық ұйымдар бар.

Еске салайық, «Сарыарқа самалы» газетінің турнирінде әр жылдары Павлодар облысының спортшыларынан бөлек, Астана, Қарағанды, Петропавл, Теміртау, Ерейментау, Қостанай, Ақтау, Семей, Ақтөбе қалаларының тоғызқұмалақшылары өнер көрсетті. Мәселен, 2016 жылғы турнирде ақтаулық Ақсана Жұмабаева, ақтөбелік Диас Жанбау мен ағайынды Ерасыл және Асылай Ешмұхановтар жүлдегер атанды. Сондай-ақ, ерейментаулық Сабина Уажанова – «Сарыарқа самалы» газеті турнирінің жеңімпазы атағына ие болды.

pavlodarnews.kz