Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиын барысында өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Қадылжан Сәтиев айтты.

- Аймақ тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтасыз ету - облыстың аса маңызды әлеуметтік-экономикалық міндеттерінің бірі, - дейді Қадылжан Сәтиев. – Соңғы екі жылда қаржыландыру көлемі 23 миллиард теңгеге жетті. Оның ішінде республикалық бюджетке 19 миллиард теңгесі тиесілі. Өткен жылы 11 нысан пайдалануға беріліп, 14 мыңнан астам адам орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді. Ағымдағы жылы бюджеттік нақтылаудан кейін 25 жобаға 12 жоба қосылып, жалпы саны 37-ге жетті. Олар 41 елді мекенде жүзеге асады. Бұл аумақтарда 59,2 мың адам тұрады. Бюджет соммасы 13,1 миллиард теңгені құрайды. Жылдың соңында 17 жоба іске асып, жабдықтау көрсеткіші 23,8 пайыздан 27,9 пайызға жетеді.

Қадылжан Сәтиевтің айтуынша, облыстағы 365 елді мекеннің 87 ауылын орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету мүмкіндігіне қол жеткізіледі. Қалған 278 елді мекеннің 205 ауылы жергілікті су көздерін пайдаланса, 63 ауылда 68 кешенді блок модуль жұмыс жасайды. 10 ауыл тасымалданатын суды пайдаланады.

- 158 елді мекенде тұрғындар саны 500-ден асатын 101 ауылды орталықтандырылған сумен қамту көзделіп отыр. 22 елді мекен бойынша биыл құрылыс жұмыстары басталса, 13 ауыл Май топтық су құбырына қосылады. 22 елді мекен бойынша облыстық және аудан бюджеттерінен 177,9 миллион теңге бөлінді. 29 ауылда ЖСҚ әзірлеу үшін 266 миллион теңге керек. Болат Жұмабекұлы, сізден көмек сұраймыз. Бұдан бөлек, 35 елді мекенде кешенді және шағын кешенді блок модуль орнату жоспарда тұр. 2020 жылға дейін 208 мың адамды немесе халықтың 78,7 пайызын ауыз сумен қамту жоспарланып отыр, - деді басқарма басшысы.

Өз кезегінде Болат Бақауов атқарылатын жұмыстардың сапалы орындалуын қадағалау керектігін атап өтті. Әр аудан әкімі бұл іске бірлесе атсалысулары керек.

Абзал Қабдраш
Фото: inform.kz

pavlodarnews.kz

Тэги: Ауыз су, Павлодар, қоғам, экономика