Ұлттық мереке домбыра күні №1 перзентханада Қазақстан халқы Ассамблеясы мен қалалық депутаттар  алғашқы болып туған сәбиге домбыра табыстады.

- Бүгін түнгі сағат 2.55-те перзентханада қыз бала дүниеге келді, - деді перзентхана бас дәрігерінің орынбасары Ермек Кучуков. –  Салмағы 3 келі 164 грамм, бойы 54 сантиметр. Нәресте мен  анасының жағдайы жақсы. Жалпы бүгінгі мереке қарсаңында босанған келіншектерге осындай сыйлық жасалып жатқаны қуантады. Домбыра  үйдің төрінен табылып жатса, оған қараған жас ана әр мезетте баланың туған сәтін есіне  түсіріп отырады деп ойлаймын.

Перзентхана қабырғасында алғашқы болып туған сәбидің атын ата-анасы Виктория деп қойды.

- Бұл менің бірінші балам, - деді – Лариса Лузина. - Қуанышымда шек жоқ. Екеуміздің табысқанымызға жеті сағат қана болды. Ал менің оған деген махаббатым шексіз. Біз оны ұзақ уақыт бойы тостық. Сыйлық үшін алғысымды білдіремін. Виктория өскеннен кейін міндетті түрде домбырада ойнайтын болады.

Жас ананы қалалық мәслихат депутаттарының атынан  Аурика Дяк құттықтады.

- Домбыра қандай кезеңде де қазақ халқының серігі болған. Ол халықтың қуанышын да, мұңын да өзінің күмбірлеген үнімен жеткізе білген. Бұл аспап Гиннестің рекордтар кітабына енген. Қытай мемлекетінде 10450 домбырашы бір уақытта күй орындаған болатын. Осы күні туған барлық сәбилерге денсаулық, ашық аспан тілеймін, - деді депутат.

Бүгін сағат 10.00-ге дейін Павлодар қаласының №1 перзентханасында бір сәби дүниеге келді. Аурухананың босану залында тағы да үш әйел бар. Ал облыстық перзентханада үш сәби дүние есігін ашқан. Жалпы бір тәулік ішінде орташа есеппен облыс аумағында 30 нәрестеге дейін туады.

 

Назым Қарабаева

Фото:автор

 

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, Павлодар, домбыра, рухани