Петропавлдағы форум аясында ұйымдастырылған арнайы көрмеде Павлодар облысының туристік әлеуеті таныстырылды. Павлодарлық делегацияның мүшелері халықаралық кездесудің қатысушыларына Баянауылдың көркем жерлері, Маралды мен Тұзқаланың тұзды көлдері және Шалдай орманының таза ауасы жайлы айтып берді.

- Біздің нарыққа шыққанымызға 10 жыл болды. Сол уақыт аралығында Ресейден Павлодар облысына келетін туристердің легі 30 пайызға артты, - дейді «RomanTour» туристік компаниясының басшысы Игорь Черных. – Бізге отбасыларымен және жолдастарымен 15-20 адам болып келетін тұрақты тұтынушыларымыз бар. Кейде жылына екі рет келеді. Бүгінгі форумның арқасында біз Қазақстан мен Ресейдің арасындағы туристер легін арттырмақпыз.

Жерлестеріміз қонақтарға Павлодар облысының әр ауданындағы шеберлер даярлаған қазақтың ұлттық тағамдары қойылған жеке дастархан жайып, сараптауға ұсынды. Етті – Баянауыл ауданынан, қоспаны – Шарбақтыдан, талқанды – Павлодар ауданынан әкелді. Ресейлік қонақтар барлық тағамнан тамсана дәм татты.

- Мен өмірімде бірінші рет балқаймақтан дәм таттым, - деді Омбы облысының тұрғыны Алина Лининг. – Қаймақ пен балды араластыруға болады деп мүлде ойламаппын. Оған қоса, екеуін араластырғанда сондай дәмді болатынын білмеппін.

- Баянауылдан әкелді деген ет ауызда ериді екен, - деді краснодарлық Андрей Николаев. – Шоколад туралы жарнамада: қолда емес, ауызда ериді деп жатады. Баянауылдық етті де солай жарнамалауға болады.

Қазақстан мен Ресейдің өзге өңірлерінен келген өкілдер форум қонақтарын түрлі дәмдермен таңдандыруға тырысты. Мысалы, алматылықтар «апорт» алмасын әкелсе, Ямало-Ненецк автономды округінің делегациясы жұқа етіп тілініп, тоңазытылған балық ұсынды.

Дулат Райымбек
Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, туризм