- Ең бірінші әлемдердің раббысы болған Аллаға шексіз мақтау, екіншіден сүйікті Пайғамбарымызға салауат айтамыз, - деді Жолдас Қоспақұлы. – Әрине, біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев кеше өте маңызды, үлкен үндеуін жолдады. Бәріміз естідік, көрдік. Елбасымыздың 30 жылдың ішінде істеген жұмыстары өте ауқымды, өте көп. Ол құпия емес. Оған бәріміз куәміз. Халық болып көрдік. Осы жағдайды байқағандар «Әлхамдулиллә» деп айтуымыз керек. Құранда Алла тағала: «Бар нәрсеге шүкір етсеңдер, мен сендерге одан да көп жақсылықтарды беремін» деген. Сондықтан Аллаға тәубә деуіміз керек. Елбасының 30 жылдағы жұмысын тек біз емес, бүкіл әлем көріп отыр.

Жолдас Қоспақұлы Елбасының 30 жылдағы жұмысына қысқаша тоқталып өтті. Ең бірінші тоқталатын әрине, бұл – бірлік пен ынтымақ.

- Ол күмәнсіз болып табылады. Өйткені ең үлкен жетістік бұл – ұлтаралық, дінаралық келісім екендігі айқын. Себебі, бірлік болмаған жерде тірлік болмайды. Сондықтан Елбасымыздың қойған мақсаты ойдағыдай жүзеге асты деп айтуға болады. Елімізді, байтақ жерімізді ұлтараздық ырды-дырду тудырмай, халықты ауызбіршілікпен ұстап тұрғаны ең үлкен жеңіс болып табылады.

Бас имамның айтуынша, екінші еліміздегі әлеуметтік, мәдени жағдайлар жоғары деңгейге көтерілді. Үшіншіден Қазақстанды әлем таныды. Қазір әлемнің түкпір-түкпірінде Қазақстанды бәрі біледі. Әрі Қазақстан десе, Назарбаевты бірге атайды. Бұл Елбасының ерен еңбегінің арқасында болып отыр. Төртіншіден еліміздің дамып келе жатқанын айтуға болады. Экономикалық жағынан жоғары деңгейге жетіп жатырмыз.

- Елбасымыз өз кезегінде көп жұмыс атқарды, - деді Жолдас Қоспақұлы. – Аллаға шүкір, бізде осындай Елбасымыз болды. Осындай жұмыстар атқарды. Құдай қаласа, келешектеде ол кісі бізбен бірге болады. Біз де Елбасымызбен біргеміз. Облысымыздың имамдары мен жамағаты Елбасының саясатын қолдаған және қолдайды.

Оразбек Саяхат

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам