Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде «TOM: Kazakhstan» жобасын Павлодар облысында іске асыру» атты баспасөз конференциясы барысында Қазақстандағы Тель-Авив университеті «Достар» қауымдастығының вице-президенті Сәния Арапова айтып берді.

    - «ТОМ: Kazakhstan» жобасы мүмкіндігі шектеулі жандардың күнделікті түйткілдері мәселелерін шешуге бағытталған, - дейді Сәния Арапова. – Мұнда шеберлер (мейкерлер) мен мүгедек жандар жұмыс істейді. Ертең Павлодарда 32 шеберден құралған сегіз команда бас қосып, сегіз мүмкіндігі шектеулі адамның күнделікті тұрмыстағы мәселесін шешуге көмектеседі. Олар еліміздің ШҚО, Астана, Алматы, Қостанай, Орал, Қарағанды өңірлерінен келеді. ПМУ-дан бір команда жасақталған. Яғни, әр команда бір жарымжан адаммен бір ай бойы байланыста болып, оның жағдайымен жақын танысады. Мысалы, мүгедек арбасына танылған адамның джойстикты басу үшін шынтағы тайып кете береді. Мейкерлер бұл олқылықтың орнын толтыру үшін арнайы прототиптің жобасын жасай бастайды. Ал, маусым айында 72 сағаттың ішінде жоба жүзеге асырылып, шілде айында қортындысы жарияланады.

Айта кетейік, прототиптерді әзірлеуге қажетті құралдарды бүкіл әлем бойынша зерттеу жұмыстары мен стартаптарды қолдап келе жатқан Bosch Global компаниясы ұсынып отыр.

    - Мен Павлодарға екінші рет келіп отырмын. Былтыр қараша айында келгенде Америка, Мәскеу, Тель-Авив пен басқа да мемлекеттерде көрмеген жас дарынды кәсіпкерлерді байқадым. Негізі, өзім қырғыздың қызымын. Сондықтан Қазақстанға деген көзқарасым ерекше. «ТОМ: Kazakhstan» – мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жақсартуға  арналған. 2014 жылдан бері АҚШ, Аргентина, Ұлыбритания, Израиль, Бразилия, Канада, Австралия мен Вьетнамда ұйымдастырлып келді. Ал, 2017 жылы ТМД елдері арасында алғаш рет Қазақстанда өткізілмек, - дейді Тель-Авив университеті кәсіпкерлік орталығының директоры Елена Донец.

Абзал Қабдраш
Суретті түсірген - автор

pavlodarnews.kz