Бұл туралы облыстық еңбек басқармасында өткен жиында Павлодар қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Арман Уәлиев айтып берді.

- Қазіргі уақытта азаматтардың әлеуметтік мәртебесін өзектендіру бойынша басқармамыз кәсіпорындармен және жеке кәсіпкерлермен жұмыс жасауда, - деді Арман Уәлиев. – Нәтижесінде 20-дан астам жұмыс беруші зейнетақы жарнасын төлемей отырғаны анықталды. Олар – кіші және орта бизнес өкілдері. Әрі  қарай да жұмыстар жалғасын табады. Бізге шағымдар түсіп жатады. Сол шағымдардың негізінде аталған ұйымдарға барып, тексеру шараларын жүргіземіз.  Жұмыс берушіге зейнетақы жарнасын төлету үшін қызметкер мен жұмыс берушінің арасында келісімшарт болуы керек.

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Лариса Кузменькованың айтуынша, шаһар бойынша 54327 адамның әлеуметтік мәртебесі анықталған.

- Олардың 10 мыңы мәртебелерін өзектендірді, - деді Лариса Кузменькова. – Қалған 44 мың адамның 23,9 мыңы - жұмыскерлер. Алайда зейнетақы жарналары жоқ. Тұрақты зейнетақылары түсіп тұрмаса, ол адамның мәртебесі өзекті болмайды. Осы мәртебені өзектендіру мәселесі бойынша 25 мобильді топ құрылып, сауалнамалар жүргізетін болады. Оған қоса, ПИК өкілдері де жұмылдырылды. Олар тұрғындарға барынша аталмыш мәселе бойынша ақпараттарды жеткізетін болады.

Қазіргі кезде Павлодар қаласы бойынша әлеуметтік мәртебесі анықталмаған 1800 адам бар.

Айта кетейік, егер жұмыс беруші міндетті зейнетақы жарнасын төлеуден бас тартқан жағдайда Павлодар қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына хабарласуға болады.

«Әкімшілік құқықбұзушылық» кодексінің 86 бабы бойынша еңбек келісімшартынсыз жұмысқа қабылдағаны үшін лауазымды тұлғаларға – 30, ұсақ кәсіпорындар немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 60, орташа кәсіпорындарға - 100, ірі кәсіпорындарға – 150 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, әлеуметтік мәртебе, қоғам